Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек – Мемлекет басшысы

361

Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс.  

Ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек – Мемлекет басшысы Фото: Ақмешіт жастары

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен, тарифтер ұзақ мерзімге белгіленуі керек. Бұл межелі уақыт ішінде салынған инвестицияны ақтап, инфрақұрылым нысандарын тиісті қалыпта сақтауға мүмкіндік береді. Табиғи монополия субъектілеріне тарифті белгілі бір табыс нормасына сай есептеп, бекітуге рұқсат беру қажет. Тиімді бақылау жүргізу аса маңызды. Мұны осы саладағы бүкіл үдерісті толық цифрландыру арқылы ғана қамтамасыз етуге болады. Ресурстарды есептеу және деректерді онлайн режимде беру жүйесін енгізу керек. Тарифтерді өсіру тұтынушыларға атаулы субсидия беру ісімен қатар жүруге тиіс", - деді Президент.

Тоқаев бұл үдерісті барынша жеңілдетіп, автоматтандыруды тапсырды.

"Үкімет елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуі керек. Сонымен қатар әкімдер қаланы абаттандыру жұмыстарын белсенді қолға алып, оның ластануына жол бермеуі қажет. Ең алдымен, ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу керек. Ол үшін инвестор тарту маңызды. Сондай-ақ, көгалдандыру ісімен айналысу қажет. Қазір бұл жұмыс ойдағыдай жүргізілмей жатыр", - деп атап өтті ол.

Президенттің сөзінше, электр қуаты, жылу, су, жалпы тиімді коммуналдық шаруашылық – басты игілігіміз.

"Оның қолжетімді болуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Бұл – саладағы қордаланған барлық мәселені кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беретін маңызды әрі кешенді реформа", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу