Ірі кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс төмен – Ұлттық банк

558

Биыл III тоқсанда кредиттеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 20 банк қатысқан. 

Ірі кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс төмен – Ұлттық банк

Ірі кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредит алу көрсеткіші төмен. Бұл туралы Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол сауалнама нәтижесі бойынша бизнес субъектілері тарапынан кредитке сұраныс әртүрлі бағытта өзгергенін атап өтті.

"Банктер скорингтік модельдердің нәтижелері бойынша берілетін кепілсіз қарыздар сегментінде шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін белсенді кредиттеуді жалғастырды. III тоқсанда түскен кредиттік өтінімдер саны тоқсаннан тоқсанға (әрі қарай – т/т) 43%-ға артып, 221 мың мөлшерінде жаңа ең жоғарғы шегіне жетті, ал өтінімнің орташа мөлшері 21 млн теңгеге дейін 1,5 есе ұлғайды", – деді Олжас Күбенбаев.

Оның айтуынша, көптеген банкте орта бизнес кредиттеріне сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде сақталған. Дегенмен жекелеген банктер орта бизнес субъектілеріне скоринг модельдерінің нәтижесі бойынша берілетін қысқа кепілсіз қарызды белсенді түрде ұсынған. Нәтижесінде III тоқсанда келіп түскен кредит өтінімдер саны 1,3 мыңға дейін 27%-ға өскен, ал өтінімнің орташа мөлшері 512 млн теңгеге дейін 59%-ға төмендеген.

"Ірі кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс соңғы II тоқсанда олардың коронавирус пандемиясынан кейін баяу қалпына келуіне және 2021 жылдың басында кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуына байланысты айтарлықтай төмендеді. 2021 жылы орта есеппен тоқсан ішінде түскен өтінімдер саны (239 өтінім) 2020 жылғы деңгейде қалып отыр. Бірақ 2019 жылғы деңгейден әлі де 28%-ға төмен. Дегенмен ірі қарыз алушылар өтінімінің орташа мөлшері III тоқсанда пандемияға дейінгі деңгейге жетіп, 7 млрд теңге болды", – деді директор.

Басшы кредитке өтінімдер бойынша мақұлдау коэффициенті өткен тоқсанмен салыстырғанда бизнестің барлық сегментінде төмендегенін жеткізді.

"Бұл ретте ШОБ үшін кредит беру шарттары біршама жеңілдеді. Ірі банктер жақын арада экономиканың өсуін күтіп, бизнестің жекелеген салалары бойынша тәуекел деңгейін қайта қарастырды.

Банктер келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныстың өсуі жалғасады деп жоспарлап отыр. Мұнда кредиттеу талаптары бойынша көп жағдайда өзгерістер күтілмейді", – деді Олжас Күбенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу