ІТ саласындағы шетелдік компанияларды Қазақстан несімен қызықтырып отыр?

1065

Неліктен шетелдік компаниялар үшін Астана Хабты таңдау тиімді? Бұл сұрақтарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

ІТ саласындағы шетелдік компанияларды Қазақстан несімен қызықтырып отыр?

Министр технопаркте қандай жағдай жасалғанын қысқаша айтып өтті:

1. Арнайы салық тәртібі. ХАБ-та тіркелген компаниялар салық төлемейді, корпоративтік салық – 0%. ІТ-компанияларға мұндай жеңілдік 4 жыл бұрын жасалған. Айтуынша, көрші елдер мұндай жеңілдікті жуырда ғана енгізген, ал кейбір елдер енді ғана жоспарлап жатыр.

2. Заманауи инфрақұрылым. 20 мың шаршы метрді арзан бағамен пайдалануға болады. Бұл офистер ғана емес, кездесу орындары, брейнсторминг мен тимбилдинг өткізетін жерлер. Оның үстіне, стартаптар – технопарк бағдарламаларының резиденттері ХАБ-та жұмыс алаңдарын тегін пайдалана алады.

3. Визалық қолдау.

"Біздің ІТ-ХАБ-та тіркелген компаниялардың жұмысшылары үшін виза алу мен миграциялық процестер жеңілдетілген. Біз тек тіркелу процесіне ғана емес, релокация мәселесінде де, яғни қызметкерлерді көшіру, үй-жай табу бойынша ұйымдастыру жұмыстарына да көмектесіп жатырмыз. Ал ЕАЭО елдерінің ІТ-мамандарына ештеңе ресімдеудің де қажеті жоқ, бірден келіп, жұмыс істей беруге болады. Тек ЖСН алу керек, онлайн жасауға болады немесе біздің мамандар көмектеседі", – дейді министр.

4. SEED stage кезеңінде венчурлық қаржыландыру. ХАБ-тың өзі стартаптың бастама кезеңінде 40 мың долларға дейін салады, Еquity кірмей-ақ.

5. Венчурлық қаржыға қолжетімділік. Инвестиция құюға тұрарлық стартаптарды табу мақсатында түрлі іс-шаралар жиі өткізіледі.

"Біздің серіктесіміз VC жыл сайын қызықты стартаптарға 100 млн долларға дейін бөлуге дайын", – деп қосты Мусин.

6. Акселерация курстарына тегін қатысуға болады. Барлық командалар акселерация бойынша курстардан өткен. Бизнесін дамытқысы келетін жас стартаперлерге әлемнің кәсіби менторлары кеңес беріп, оқытып, бағыт-бағдар сілтейді.

7. Мемлекет тарапынан жекеменшік инновациялық ІТ-мектептерге сұраныс бар. Яғни ІТ-мамандығын игергісі келетін кез келген адам TechOrda бағдарламасы бойынша ІТ-ваучерге қол жеткізе алады және ІТ-ваучер кез-келген ІТ-мектепте жарамды.

8. Елге келмей-ақ, заңды тұлғаны тіркеуге болады! eGOV арқылы. ЖСН мен ЭЦҚ-ны Қазақстан елшілігі береді. Осылайша кәсіпті оңай әрі тез бастауға болады. Оның үстіне, биылдан бастап басшыны өзгертуге қатысты мәселе де онлайн шешіледі. 

9. Қазақстанда ІТ-бизнесті іске қосу және релокация мәселелері бойынша телеграмда арнайы чат аштық – https://t.me/+uwNsTKMdI7oyZTUy.

"3 мыңнан астам қатысушысы бар чатта ХАБтағы әріптестеріммен бірге түрлі сауалдарға жауап берудеміз", – деп жазады ведомство басшысы.

Ал оныншыдан "Қазақстан – жүзден астам ұлт пен ұлыс тұрып жатқан қонақжай ел. Біздің елдің игілігі үшін еңбектеніп, дамуына үлес қосатын кісілерге есігіміз ашық".

11. Қазақстанда еңбектеніп, заңды тұлға ашқысы келетіндер үшін Астана Хабтың мамандары арнайы нұсқаулық әзірлеген: astanahub.com

Фото: BNews.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу