Италияда әлемдік өнердің 3 құнды заты қолды болды

Ұрланған картиналардың жалпы құны өте қымбат саналады.

Италияда әлемдік өнердің 3 құнды заты қолды болды Фото: ngs.ru

Оқиға Италияның Парма қаласына жақын жердегі музейде болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

BBC-дің жазуынша, құнды жауһарлар – Пьер-Огюст Ренуардың "Балықтар" картинасы, Поль Сезанның "Шиемен натюрморт" туындысы және Анри Матистің "Террасадағы одалиска" картинасы. 

Полиция ұрлықтың 22 наурыз күні тіркелгенін мәлімдеген. Бетперде таққан 4 ер адам Magnani Rocca Foundation вилласына оңай еніп, бірінші қабаттағы Француз залынан картиналарды үптеп кеткен. Қаскөйлердің жылдам әрекет еткені байқалады. Өйткені, олар небәрі үш минутта жымысқы іс-әрекеттерін жүзеге асырған. 

Magnani Rocca Foundation қоры өкілдері қылмыскерлердің ұйымдасқан түрде өте үйлесімді әрекет еткенін хабарлады. Күзет пен полиция іске араласпағанда, олар бұдан да көп өнер туындысын қолды етуі мүмкін еді.

Ренуардың шамамен 1917 жылы салынған "Балықтар" картинасы 6 миллион еуроға бағаланады. Бұл соңғы жылдары Италияда жасалған ең ірі өнер ұрлықтарының біріне айналуы ықтимал. 

Сезанның 1890 жылдар шамасында салған "Шиемен" натюрморты да сирек туынды саналады. Себебі, ол акварельмен орындалған. 

Ал Матистің 1922 жылғы "Террасадағы одалиска" картинасында екі бейне бейнеленген: бірі күнге қыздырынып жатыр, екіншісі қолында скрипка ұстап тұр.

Қазіргі уақытта істі Италия полициясы Болоньядағы мәдени мұраны қорғау бөлімшесімен бірлесіп тергеуде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу