Италиялық басылым Қазақстан туралы көлемді мақала жазды

"Cook" басылымы мерейтойлық 80 шығарылымын елімізге арнап отыр.

Италиялық басылым Қазақстан туралы көлемді мақала жазды Фото: видеодан алынған кадр

Еуропаның көне медиа ресурстарының бірі саналатын журнал бақандай 6 бетіне Қазақстанды жарнамалаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Онда Қазақстан Орталық Азияның тартымды гастрономиялық бағыты ретінде таныстырылған және заманауи қазақ асханасының "Neo Nomad" тұжырымдамасы паш етілген. 

Арнайы жоба аясында редакция туристік локациялар мен ұлттық асхананың ерекшеліктеріне тоқталған. Шығармашылық топ 50 Best Discovery тәрізді беделді халықаралық рейтингтерге енген бірқатар қазақстандық мейрамхананы және негізгі гастрономиялық орындарды аралады. Олардың қатарында Qazaq Gourmet, Auyl, Gruppo 63, Jinau, Sandyq және Tary бар.

– Бұл үлкен мемлекеттегі табиғат пен мәдениеттің қайталанбас үйлесімі қызығушылық тудырады. Швейцария пейзажына ұқсас – Қайыңды көлі. Оның айдынына батқан шыршалар судан көтеріліп, аударылған орман көрінісін жасайды. Аризонаны ойға салатын каньондар бар. Шарын каньоны туралы айтпау мүмкін емес. Бұл – америкалық каньоннан кейінгі әлемдегі ең үлкендерінің бірі. Одан әрі тұзды шөлдер (Маңғыстау, Каспий теңізінің жағалауында орналасқан) және әлемдегі ең кең құрғақ дала жалғасады. Алайда, ол ешқашан бірдей болмайды. Бұл жазықтар мен үстірттердің әртүрлі өсімдік пен реңкпен ауысуы, – деп жазады басылым.

Мұнан соң италиялық оқырмандар Қазақстан туралы көп ақпарат біліп, ұлттық асхананың дәмін сезінуге мүмкіндік алып отыр. Материалдар қазақ гастрономиясының тереңдігін, бірегейлігін және байлығын ашады. Журнал беттерінде және Corriere della Sera ресми сайтында сарапшы Әйгерім Мұсағажинова бауырсақ, құрт, бүйрек және дәстүрлі сүр ет тағамдарын дайындау әдісімен бөліскен. 

Бұған дейін италиялық танымал бағдарлама Қазақстанға арнайы шығарылымын арнағанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу