Израиль мен Ливан шабуылды 10 күнге тоқтатуға келісті

184

Бұл туралы Трамп Truth Social желісінде жазды. 

Израиль мен Ливан шабуылды 10 күнге тоқтатуға келісті Фото: Violeta Santos Moura / Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливанның атысты уақытша тоқтатуға келіскенін хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Ақ үй басшысы Truth Social желісінде жазба қалдырды.

"Мен Ливанның аса құрметті президенті Жозеф Аунмен және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлестім. Жақсы әңгіме өрбіді. Екі көшбасшы елдер арасындағы бейбітшілікке қол жеткізу үшін ресми түрде 10 күндік атысты тоқтату режимін жариялауға уағдаласты", – делінген жазбада.

Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы бітім жергілікті уақыт бойынша түн ортасында күшіне енеді.

Сейсенбі күні АҚШ-та Израиль мен Ливан өкілдері жүздесті. Тараптар 34 жыл ішінде алғаш рет ресми келіссөз жүргізді. Дональд Трамп мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға, вице-президент Джей Ди Вэнске және біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Рейзинге екі мемлекет арасында ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату үшін ынтымақтастық орнатуды тапсырған.

АҚШ президенті алдағы уақытта Жозеф Аун мен Биньямин Нетаньяхуды Ақ үйге шақыратынын атап өтті.

Бұған дейін Иран Ливанда атысты тоқтатуды талап еткен болатын. Бұл Тегеранның Вашингтонмен келіссөздеріндегі шарттардың бірі болған. Иран мен АҚШ өкілдері таяуда Пәкістан астанасы Исламабадта жүздесті, алайда алғашқы кездесу нәтиже бермеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу