Мәліметке сай, шабуыл Сирия президентінің ресми резиденциясы саналатын "Халықтық сарай" маңында орын алған.
Израиль тарапы бұл аймақта әскери нысан болғанын алға тартып отыр.
– "Израиль оккупациялық ұшақтары Дамасктегі Халық сарайының төңірегіне әуе соққысын жасады", – деп жазды телеарна.
Шабуылдың тағы бір нысанасы – Дамаск орталығында орналасқан "Бас штаб ғимараты" болған.
Syria TV ұсынған кадрларда кешеннің бір бөлігі қирағаны, ғимараттан түтін шыққаны анық көрінеді.
Бұл нысанға "кемінде екі мәрте" соққы жасалған. Қазіргі сәтте "израильдік дрондар" Дамаск аспанында әлі де ұшып жүргені айтылуда.
Сонымен қатар, Syria TV Израильдің "Даръа провинциясына" да әуе шабуылын бастағанын хабарлады.
Сирия Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған телеарна дерегінше, "Дамасктегі шабуылдар салдарынан кемінде 13 адам зардап шеккен".
Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) бұл шабуылдарды растап, соққылардың "Дамаск маңындағы және Сирияның оңтүстігіндегі әскери нысандарға" бағытталғанын мәлімдеді.
– "Соңғы тәулікте ЦАХАЛ Эс-Сувейда аймағына бет алған танктерге, зымыран тасығыштарға, қару-жараққа және ірі калибрлі пулеметтер орнатылған пикаптарға соққы жасап, бұл ауданға жол қатынасын бұғаттау үшін кейбір тас жолдарға да соққы берді", – делінген армия мәлімдемесінде.
Бас штабқа жасалған соққы Сирия режимінің қолбасшылары осы жерден Эс-Сувейда аймағындағы әскери операцияларды басқарып отырғанымен түсіндірілді.
– "Дамасктегі президент сарайы маңындағы әскери нысан да атқылауға ұшырады", – деп толықтырды ЦАХАЛ баспасөз қызметі.
Израиль бұл әскери әрекеттерді "Сириядағы ішкі қақтығыстардың ушығуымен" байланыстырды. Соңғы күндері "друздық жасақтар мен бедуин тайпалары арасында қақтығыс өршіп, әсіресе "Эс-Сувейд қаласында" тұрақсыздық күшейген болатын.
Осыған байланысты Дамаск билігі аймаққа әскер енгізіп, "қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді" мақсат еткенін хабарлаған.
Ал Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қимылдарға жауап ретінде шекара маңында әскери күштерді күшейтетінін айтып, былай деп мәлімдеді: "Біздің әскер, Әуе күштері мен өзге де бөлімдер друз бауырларымызды құтқару және режим бандаларын жою үшін әрекет етіп жатыр. Израиль билігі друз халқын қорғауға уәде берген", – деді ол.
Бұл оқиға Таяу Шығыстағы шиеленіскен ахуалдың тағы бір күрделенген сәтін көрсетті.
Израильдің әскери операциялары мен Сирия ішіндегі тұрақсыздық аймақтық тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық күшейіп келеді.