Йеменнің "Өрмекші адамы" 120 метр биіктен құлап кетті

Азаматтық қорғаныс басқармасы жариялаған 10 секундтық бейнежазбада оның ешқандай сақтандырусыз жүргені байқалады.  

Йеменнің "Өрмекші адамы" 120 метр биіктен құлап кетті Фото: 1news.az

Осылайша, экстремал саяхатшы Әл-Кака ибн Антар жартасқа өрмелеу кезінде жан тапсырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты apnews.com-ға сілтеме жасап.

Жергілікті билік 30 жастағы Антардың елдің оңтүстігіндегі Дале провинциясында орналасқан Харда дамбасы жанартауының тік жартастарына қауіпсіздік құралдарынсыз өрмелеп жүргенін мәлім етті. Сол сәтте ол шамамен 120 метр тереңдікке құлаған.

Кадрларға "Өрмекші адамның" бір қолымен жартастан ұстап тұрғаны анық жазылып қалған. Десе де, көп ұзамай ол тепе-теңдігін жоғалтып, төменге құлдилаған.

Оқиға орнына сүңгуірлер мен судағы құтқару мамандарынан құралған арнайы топ жіберілген. Антардың денесі кратер түбіндегі көлден, су бетінен шамамен 30 метр тереңдіктен табылып отыр. Құтқару операциясы 4 сағатқа созылған. Мамандардың сөзінше, тік әрі тастақты жер бедері іздеу жұмыстарын айтарлықтай қиындық келтірген.

Харда дамбасы немесе "Харадат Дамт" деп аталатын бұл жанартау кратері Дамт қаласының маңында орналасқан. Аймақтың көрікті орындарының бірі саналатын нысан тік жартастарымен және түбіндегі күкіртті ыстық көлімен ерекшеленеді.

Әл-Кака ибн Антар – әлеуметтік желілерде қауіпті трюктерімен танымал болған саяхатшы. Ол Йемендегі ең күрделі жартастар мен таулы аймақтарға қауіпсіздік құралдарынсыз өрмелеген видеоларын жиі жариялап отырған. Оның бейнероликтері бірнеше рет миллиондаған қаралым жинаған.

Видеолардың бірінде Антар тек жалаң қолымен жартастың шетінен салбырап тұрған. Аяғы жүздеген метрлік еңіске қарай салбырап тұрса да, ол ешқандай сақтандыру құралын қолданбаған.

Оқиғадан кейін Йеменнің Азаматтық қорғаныс басқармасы альпинизммен және экстремалды спорт түрлерімен айналысатын азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу