Бүгін Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының дәрігерлері баланың денсаулығына қатысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басқарма емнің толық әрі клиникалық хаттамаларға сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізіп отыр. Олардың сөзінше, науқастың жағдайы – ауыр, бірақ тұрақты. Бастысы, есін біледі.
– Кеше баланың жағдайы тұрақтанған соң Қарасай ауданының орталық аудандық ауруханасынан облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқастың жағдайы – ауыр, бірақ тұрақты, нашарлау белгілері жоқ. Есін біледі. Науқаспен және оның анасымен клиникалық психолог жұмыс істеп жатыр, – деп мәлімдеді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Науқасты Қазақ медициналық университетінің нейрохирургі мен Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры қарағаны туралы ақпарат бар.
Оқиға былайша өрбіген. Футбол алаңында бір топ бала ойнап жүргенде 3 ит кіріп келген. Балалардың көпшілігі қашып үлгерсе де, біреуі қалып қойған. Куәгерлер екі ер адамның итті өлтіріп, қауіптің бетін қайтармаса, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін емес екенін айтқан. Кейіннен ит иесі жануарының асыл тұқымды екенін айтып, шағымданған-ды. Сол себепті, Алматы облыстық полиция департаменті баланы қорғап қалған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалмайтынын шегелеп айтты.
Ал облыстық прокуратура кінәлі адамдар заң аясында қатаң жауапқа тартылатынын, іс бойынша тергеу барысы ерекше бақылауға алынғанын мәлімдеді.