Кабулдағы әуе соққысы: Ауғанстан мен Пәкістан арасында айыптаулар күшейді

141

Ауған тарапы бұл оқиғада жүздеген адамның қаза тапқанын мәлімдеп, жауапкершілікті Пәкістанға жүктеді.  

Кабулдағы әуе соққысы: Ауғанстан мен Пәкістан арасында айыптаулар күшейді Фото: Sayed Hassib / Reuters

Кабулда орналасқан есірткіге тәуелділерді оңалту орталығына жасалған әуе шабуылынан кейін Ауғанстан мен Пәкістан арасында шиеленіс күшейді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Ауғанстан үкіметі өкілінің орынбасары Хамдулла Фитраттың айтуынша, шабуыл 16 наурыз күні кешкі уақытта жасалған. Соның салдарынан 2000 орынға арналған медициналық мекеменің бір бөлігі қирап, қазіргі есеп бойынша 400-ге жуық адам қаза тапқан, тағы шамамен 250 адам түрлі жарақат алған.

Оқиға орнынан тараған кадрларда құтқарушылардың өртті сөндіруге тырысып жатқан сәттері және жараланғандарды эвакуациялау жұмыстары көрінеді. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұл жағдай шекара маңындағы атыстан кейін бірнеше сағат өткен соң болған. Бұған дейінгі қақтығыста Ауғанстан аумағында кемінде төрт адам көз жұмғаны хабарланған.

Ауғанстан өкілі Забихулла Муджахид бұл әрекетті қатаң айыптап, азаматтық нысандарға соққы жасау халықаралық нормаларға қайшы екенін мәлімдеді.

Ал Пәкістан тарапы бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Елдің ақпарат министрі Аттаулла Тарар жүргізілген операциялар тек әскери нысандарға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, Кабул мен Нангархар аймағында орналасқан инфрақұрылымдық және қару-жарақ қоймаларына дәл соққы жасалған.

Аймақтағы жағдай күрделене түсіп, тараптар арасындағы ақпараттық және саяси текетірес жалғасуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу