Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген "Байсат" базары Алматы әкімдігіне берілуі мүмкін

301

Себебі, базарға ешқандай инвестор қызығушылық танытпай отыр.  

Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген "Байсат" базары Алматы әкімдігіне берілуі мүмкін Фото: sauda.e-qazyna.kz

Бұрын Қайрат Сатыбалдының отбасына тиесілі болған нысан бір жылға жуық уақыттан бері сатылымға шығарылғанымен, сатып алушы табылмады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, аукциондар бірнеше рет өткізілгенімен, инвесторлар тарапынан өтініш түспеген.

"Бұл сұраныстың аздығымен немесе инвесторларда мұндай көлемдегі қаражаттың болмауымен байланысты. Егер нысан сатылмаса, оны Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесін қарастыруға болады", – деді комитет басшысы.

Мамыр айының соңында базардың үлесі кезекті рет аукционға қойылған. Алайда өтінімдердің болмауына байланысты сауда өткізілмеді деп танылды.

2025 жылдың соңында "Байсат" базарын алдымен 28,6 миллиард теңгеге, кейін 26,7 миллиард теңгеге сатуға әрекет жасалды. Ал 2026 жылдың қаңтарында нысан бағасы барынша төмендетіліп, 24,7 миллиард теңгеге ұсынылды.

"Байсат" базары – Алматыдағы ірі көтерме-бөлшек сауда орталықтарының бірі. Бұрын оны Қайрат Сатыбалдының ұлы Бауыржан Нұрсұлтанға қатысы бар компаниялар басқарған. Тергеу барысында Қайрат Сатыбалды базардың негізгі бөлігін мемлекетке өз еркімен қайтарған. Ал ұлына тиесілі компаниялардың үлесі сот шешімімен мемлекет меншігіне тәркіленді. Тергеу кезінде базардың кезінде заң бұзушылықтармен және төмендетілген бағамен жекешелендірілгені анықталған.

2022 жылы Қайрат Сатыбалды "Қазақтелеком" және "Көліктік сервис орталығы" компанияларындағы аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған болатын. Кейін ол мемлекетке жүздеген миллиард теңгенің активтерін қайтарды. Олардың қатарында элиталық үйлер, әкімшілік ғимараттар, зергерлік бұйымдар, акциялар және теміржол инфрақұрылымы бар.

2024 жылдың тамызында сот Қайрат Сатыбалдының қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу