banner

"Қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі" орнына "базалық мөлшерлеме" қолданылатын болды

852

"Базалық мөлшерлеме" ұғымы заңнамамен бекітілді. 

"Қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі" орнына "базалық мөлшерлеме" қолданылатын болды

Ұлттық банк "базалық мөлшерлеме" ұғымы заңнамалық тұрғыда бекітілгенін ресми мәлімдеді. Мұндай өзгерту "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орын алып отыр.  Бұдан былай базалық мөлшерлеме ақша-кредит саясатының негізгі құралы болмақ. Сондай-ақ, ақша-кредит саясатының операцияларында сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге арналған басты бағдар болмақ.
Заңнамаға "базалық мөлшерлеме" ұғымын енгендіктен, "қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі" ұғымы алып тасталды. 

"Жоғарыда аталған нормалар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осыған байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салуда және кедендік реттеуде өсімпұл есептеу кезінде, сондай-ақ төлемдерді, бөтен ақшаны заңсыз пайдалану және мерзімі өткен сома үшін тұрақсыздық айыбын, берілген ақша сомасын индекстеуді, кеден бажын төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін пайыздарды индекстеуді кешіктіру кезінде азаматтық-құқықтық және әкімшілік-құқықтық қатынастарда базалық мөлшерлеме қолданылатын болады",  деп жазады Ұлттық банктің ресми сайты.

Еске салсақ, базалық мөлшерлеме ұғымы ақша-кредит саясатында 2017 жылғы 1 сәуірден бастап кеңінен қолданыла бастады. Бүгінге дейін ол қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесімен теңестірілген күйде қолданылып келген болатын.   

"Қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесін базалық мөлшерлемемен ауыстыру бұрын қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесі қолданыла отырып есептелген төленетін ақша сомасы мөлшерінің өзгеруіне әкелмейді", - деп жазылған ресми мәліметте.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу