"Қайық керек”: Қарағанды жаңбырдан соң су астында қалды

733

Жолда келе жатқан көліктер мен автобустардың ішіне су кіріп кетті.

"Қайық керек”: Қарағанды жаңбырдан соң су астында қалды Фото: видео скриншот

Қарағанды қаласы соңғы уақыттарда нөсер жаңбыр жауса су құрсауынан шыға алмай қалатын болды. Кеше кешкісін шамамен 16.30 да басталған нөсер жауын бір сағатқа ұласты. Осы уақыт аралығында қаланың көптеген көшелерін жаңбыр суы басып қалды. Жұрт белден келген суды кешіп жүрді.

Қала көшелерінде көп жиналған судан кейбір көліктер суға батып кетіп жатты. Жолаушы тасымалындағы автобустың өзіне белуардан келген су кіріп тұрғындарды әуре - сарсаңға салып қойды. Сонымен қатар Қарағанды Мемлекеттік Техникалық Университетінің оқу корпусын су алып кеткен. Су құрсауынан шыға алмай қалған студенттердің бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап кетті.

Қала әкімі Мейрам Кожухов жұртты сабырға шақырды.

“ Су алып кеткен жерлерде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Су ағарлардың қақпақтарын ашып тастадық. Көбірек су алған жерлерге көліктерді жіберіп су сорып алдық. Шамамен сағат 18.00 кезінде қаладағы су деңгейі түсті”,- деп мәлімдеді қала әкімі Мейрам Кожухов.

Қала тұрғындары әсіресе жаңадан тұрғын үйлер көп салынған аумақта суағарлардың, кәріз құдықтарының дұрыс жұмыс жасамайтынын айтады.

“ Енді жауын жауған күні көлік емес Қарағандыда жүру үшін қайық керек болды. Шенеуніктер бұрын жауын жауған кезде не істеген қазіргілер не істеп жүр түсініксіз? Осының барлығы қадағалаудың жоқтығы”,- дейді қала тұрғыны Жұмаш Манат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу