Камбоджа мен Таиланд Малайзияның бітімгерлік ұсынысын қабылдады

173

Камбоджа премьер-министрі Хун Манет елінің Таиландпен арадағы шекаралық қақтығыстардан кейін Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің бітім ұсынысын қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы басылымына сілтеме жасап.  

Камбоджа мен Таиланд Малайзияның бітімгерлік ұсынысын қабылдады Фото: Анадолы

Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан және 817 шақырымдық шекарамен бөлінген Камбоджа мен Таиландтың арасында көптен бері аумақтық келіспеушіліктер бар. 

Хун Манет Facebook парақшасында Таиландпен шекарадағы қақтығыстан кейін Анвармен телефон арқылы сөйлескенін жазды.

Оның айтуынша, Анвар екі тарапты дереу бітім жариялауға шақырған. Камбоджа бұл ұсынысты қабылдаған.

Хун Манеттің сөзінше, Анвар Таиландтың премьер-министрінің міндетін атқарушы Пхумтхам Вечаячаймен де сөйлескен. Таиланд та бітім туралы ұсынысты қабылдаған.

Алайда тай тарапы Анвар ұсынған бітім туралы келісімдегі шабуылды тоқтату мерзімі мен уақытын өзгертуді сұрап, кейінгі күнді таңдаған.

"Таиланд пен Камбоджа арасындағы қазіргі қарулы қақтығысты реттеудің жолы – Таиландтың бітімге келуге дайындығында", – деді Хун Манет.

Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим Хун Манет және Пхумтхам Вечаячаймен келіссөз жүргізгенін растады. Оның айтуынша, тараптар бітім туралы оң көзқарас білдіріп, бұл үдерісті талқылауға дайын екенін жеткізген.


Таиланд пен Камбоджа шекарасындағы шиеленіс

Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық аумақтағы жағдай ұзақ уақыттан бері шиеленісуде. 28 мамырда шекара келісімі бұзылып, қысқа мерзімді қақтығыс орын алған. Осыдан кейін екі елдің қарулы күштері қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы келісімге келген.

Таиланд Камбоджамен арадағы шекарадағы барлық бақылау-өткізу бекеттерін Бангкок үкіметі бақылайтынын мәлімдеді.

Осы оқиғадан шамамен екі ай өткен соң, кеше шекарада тағы да қақтығыс болды. Нәтижесінде Камбоджа жағынан 1 адам, Таиландтан 14 адам қаза тапты. Екі мемлекет те осы аймақтан мыңдаған адамды эвакуациялағандарын хабарлады.

Тараптар оқ атуда бірін-бірі айыптап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу