Жобаға сәйкес, пациенттерге дәрі-дәрмек алудың екі жолы ұсынылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Біріншісі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары арқылы дәрігер рецептімен препараттарды тегін алу немесе жеке дәріхана желілері арқылы бірлесіп төлеу арқылы сатып алу.
Екінші жағдайда азаматтар дәрілік препараттың өндірушісін өз бетінше таңдай алады.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай механизм дәрі-дәрмекке қолжетімділікті кеңейтуге, соның ішінде бұрын қолжетімсіз болған препараттарды алуға жол ашады.
Сондай-ақ пациенттер түпнұсқа дәрілер мен дженериктер (баламалы дәрілер – түпнұсқа препараттың патент мерзімі аяқталғаннан кейін шығарылатын, құрамы мен әсері ұқсас дәрілік заттар) арасынан таңдау жасай алады. Министрлік бұл өзгеріс дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің икемділігін арттырып, пациенттердің қанағаттану деңгейін жоғарылатады деп санайды.
Сонымен қатар дәріхана желілерінде бәсекелестік күшейіп, қызмет көрсету сапасы жақсарады деп күтілуде.
Жоба қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға шығарылды.