Қанат Бозымбаев "Ауыл аманаты" бойынша жеңіл несиені жеделдетуді тапсырды

191

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қанат Бозымбаев "Ауыл аманаты" бойынша жеңіл несиені жеделдетуді тапсырды Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев министрліктердің, облыс әкімдіктерінің және "Amanat" партиясының қатысуымен өңірлік даму жөніндегі жоба кеңсесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отырыста "Ауыл аманаты" жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы, сондай-ақ былтыр қараша айында өткен ауыл әкімдерінің диалог-платформасының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде есеп тыңдалды.

2025 жылдан бастап "Ауыл аманаты" жобасы жаңа қағидаттар негізінде жүзеге асырылуда. Қаржыландыру өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып және артық бюрократиялық рәсімдерсіз бөлінуде. Негізгі назар кооперацияны дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге аударылған.

2025 жылы жобаға облыс әкімдіктеріне 50 млрд теңге бөлінді. 2026 жылы республикалық бюджетте жобаны жалғастыруға 100 млрд теңге қарастырылған, оның шамамен 60 млрд теңгесі 600-ге жуық кооперативті қолдауға бағытталмақ.

Отырыста Ақмола облысының Ерейментау ауданында ет кластерін құру жобасын іске қосу перспективаларына ерекше көңіл бөлінді. Жоба өңір үшін маңызды мәнге ие. Осыған байланысты Қанат Бозымбаев мемлекеттік қолдау бағдарламаларын ескере отырып, жобаның экономикалық және ұйымдастырушылық параметрлерін қосымша пысықтауды тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ұлттық экономика министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін қайта пішімдеу жөнінде ұсыныстар дайындауды, сондай-ақ "Ауыл кәсіпкерлігі инфрақұрылымы" бағытын өңірлік стандарттар жүйесіне енгізуді тапсырды.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-мен бірлесіп, "Ауыл аманаты" жобасы аясында кепілдік беру тетіктерін әзірлеу және тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу міндеттелді.

Облыс әкімдіктеріне екі апта мерзімде "Amanat Nesie" ақпараттық жүйесіне барлық өңірлердің толық қосылуын қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындарына "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша жеңілдікті несиелер беруді ұйымдастыру тапсырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу