Қанат Бозымбаев: Су пайдалану саласындағы барлық заңбұзушылық тоқтатылуы тиіс

256

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды.  

Қанат Бозымбаев: Су пайдалану саласындағы барлық заңбұзушылық тоқтатылуы тиіс Фото: primeminister.kz

Сапар аясында вегетация кезеңіне дайындық және "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ өңірдегі гидротехникалық нысандардың жай-күйімен танысты.

Кеңеске Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, AMANAT партиясы, Ұлттық экономика министрлігі, құқық қорғау органдары, су шаруашылығы кәсіпорындары және шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.

Фермерлерге су тапшылығы қаупін азайту үшін су үнемдеу технологияларын жедел енгізу және ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс көлемін кезең-кезеңімен қысқарту қажеттігі түсіндірілді.

Жетісу облысының ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған 2026 жылға белгіленген су пайдалану лимиті 1,877 млрд текше метрді құрайды. Оның 1,837 млрд текше метрі егістікті суаруға бағытталады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі жоспарланған егіс алқабы 147 мың гектар. Қазіргі уақытта облыстағы барлық су қоймасы су жинау режимінде жұмыс істеп тұр.

Заманауи суару жүйелерін енгізуді ынталандыру мақсатында ұңғыма бұрғылау, инфрақұрылым тарту және су үнемдейтін жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Егінге қажетті суға сараланған тариф енгізілді: су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін егіндік судың құнын субсидиялау 60%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылды, ал қалғандары үшін субсидиялар мөлшері жыл сайын 10%-ға қысқарып отырады.

Қабылданған шаралар су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың көлемін жыл сайын 150 мың гектардан астамға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына толық сәйкес келеді. Жалпы ел бойынша мұндай технологиялар 543,5 мың гектар суармалы жерде енгізілген, соның арқасында 874 млн текше метр су үнемделді. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 33,7 мың гектарды құрайды.

Қанат Бозымбаев облыс әкімдігіне 2030 жылға дейін суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын 100 пайыз енгізуді кезең-кезеңімен қамтамасыз етуді тапсырды.

– Кеңес дәуірінде пайдалануға берілген суармалы жерлерді қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлу қажет. 2030 жылға дейін өңірде суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту бойынша негізгі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр. Бұрын тозған алқаптарды айналымға енгізу арқылы суармалы жерлердің аумағын кеңейту жұмыстарын жандандыру қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткендей, су саласындағы "қара нарық" толық жойылып, су пайдалану саласындағы барлық заңбұзушылық құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен заң аясында қатаң түрде тоқтатылуы тиіс, – деді Қанат Бозымбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу