2025 жылғы 15 мамырдан 31 желтоқсанға дейін Қандыағаш–Мақат ақылы автожол учаскесін пайдаланудан 1 872 826 250 теңге көлемінде төлем есептелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл қаражат автомобиль жолын жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына, жол жүру ақысын алу жүйесінің бағдарламалық-аппараттық кешенін ұстауға, тартылған инвестицияларды қайтаруға, ақылы қозғалысты ұйымдастыруға, сондай-ақ жол-пайдалану техникасын сатып алу мен қызмет көрсетуге бағытталады.
Айта кетейік, Ақтөбе–Қандыағаш–Доссор–Атырау–РФ шекарасы (Құрманғазы өткізу пункті) республикалық маңызы бар автожолының Қандыағаш–Мақат аралығы 2025 жылғы 15 мамырдан бастап 20 жыл мерзімге ақылы негізде пайдалануға берілген.
– Аталған ақылы учаскенің жалпы ұзындығы 380 шақырым 525 метр. Оның 143 шақырым 525 метрі Атырау облысының аумағы арқылы өтеді. Ақылы жол жүйесі көлік инфрақұрылымын тұрақты қаржыландыруға, жол сапасын сақтауға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Ақылы жолды пайдаланғаны үшін төлем тек жүк көліктерінен ғана алынады. Ал жүргізушілер үшін баламалы бағыт ретінде Қандыағаш–Ақтөбе–Орал–Атырау–Мақат республикалық маңызы бар автожолы қарастырылған, – деді "Қазавтожол" ҰК АҚ АОФ директоры Ардақ Қайреденов.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының "Автомобиль жолдары туралы" заңының 5-2-бабына сәйкес бірқатар көлік құралы ақылы жолды пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады.
Олардың қатарында қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел жәрдем, авариялық-құтқару қызметі, құқық қорғау органдарының арнайы көліктері, Қарулы күштердің техникасы, сондай-ақ қала маңындағы тұрақты автобустар мен бір аудан шегінде қатынайтын, тиісті аумақта тіркелген жеңіл көліктер бар.
Бұдан бөлек, жергілікті көлік құралдары үшін абоненттік төлем жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған учаскеде ДЭУ-23 және Сағыз ДЭП мекемелері қызмет көрсетіп жатыр. Жұмысқа 38 маман мен 17 арнайы техника жұмылдырылған.