Қаңғыбас иттердің мәселесі Үкіметте қаралып жатыр

605

Жыл басынан бері Астанада 400-ге жуық адам қаңғыбас иттердің шабуылынан әрең аман қалған.

Қаңғыбас иттердің мәселесі Үкіметте қаралып жатыр Фото: ашық дереккөзден

Соңғы уақытта бұл жануарлардың адамдарға шабуыл жасауы жиілегендіктен, экология министрлігі заңнаманы түзету туралы тапсырма алды. Жануарларды қорғау ұйымдары заңға ешқандай өзгеріс қажет емес, елімізде төртаяқтыларға адамгершілікпен қарау тенденциясы тіпті басталмады дейді. 

Жыл басынан бері Астанада 400-ге жуық адам қаңғыбас иттердің шабуылынан әрең аман қалыпты. Иесіз жануарлардан зардап шеккендердің саны күннен күнге артып барады. Оны күнде болмаса да, әр ай сайын естіп, біліп жүрміз. Алайда, белсенділер соңғы бес жылда бұл статистика керісінше төмендеп бара жатыр, тек халық оны көбірек айта бастады дейді. 

"Жануарлардың шабуылы жиіледі деген жалғыз аймақ –Түркістан облысы. Жыл сайын 40 мың ит ұсталады дейді. Бірақ мен бұл дерекпен келіспеймін. Иттер көп мекендейтін Астана мен Алматыдан да көп. Бізде жануарларға адамгершілікпен қарау тенденциясы тіпті басталған да жоқ. Жаппай ату әлі бар. Қаңғыбас иттерді аулау қызметтері әлі де оларға асқан қатыгездікпен қарайды", - дейді "Inucobo" жануарларды қорғау ұйымының басшысы Лилия Сарсенова.

Сондықтан жануарларды қорғау ұйымдары қазіргі заңнаманы қатаңдату қисынсыз. Ол адамдарды да, балаларды да қорғайды деген пікірде. 

"Қазіргі заңда біз итке ұйықтататын препаратты одан адамға қауіп-қатер төнгенде ғана сала аламыз деген бап бар. Бірақ ол үшін иттің расымен шабуыл жасағанын бейнематериалдар арқылы дәлелдеу қажет. Елестетіп көріңізші, ит шабуылдап жатқанда, адам қорғана ма, әлде видео түсіріп жата ма?", - деді Астана қаласы әкімдігінің "Астана ветсервис" ШЖҚ КМК директорының орынбасары Жаңабай Өмірзақұлы.

Бұл Астанадағы жалғыз жануарларды уақытша ұстау изоляторы. Мұнда 3 мыңнан астам ит бар. Ғимараттың іші итке лық толы, далада сонда сыймағандары жатыр. Оның 1 жарым мыңы осы жылы ұсталған екен. 

Жауапты мамандардың сөзінше, адамдар иттерді асырауға жауапкершілікпен қарамайды. Вакцинация, зарарсыздандырудан мүлдем хабары жоқ. Көптеген құрылыс нысандары да иттерді күзет құралы ретінде пайдаланып, жұмыстары біткесін қаңғытып жібереді екен. Бұған қарсы ешқандай шара қолданылмайтындықтан, қаңғыбас иттердің саны көбейе береді. 

Енді ит асыраушылардың жауапкершілігін арттыру үшін чиптеуді енгізу басталды. Қазір елордада 4 мыңға жуық жануарға ен салынған. Күз айларында әр жануар иесі чиптеуге міндеттеліп, дауапкершілігі артса, қаңғыбас иттердің саны аз да болсын, азаяр деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу