Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау дерегі бойынша 203 қылмыстық іс қозғалды

2028

Бүгінде 9 құқық қорғау қызметкері ұсталған.

Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау дерегі бойынша 203 қылмыстық іс қозғалды

Бүгін Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында қаңтар оқиғасы контекстінде қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқығын сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, отырысқа Бас прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты.

Берік Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаның себептері мұқият тергеп-тексеріліп жатқанын атап өтті.

"Қазір біз бейбіт митингілерді әртүрлі күштердің пайдаланғанын нақты білеміз. Ұйымдастырушылар деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, қаруландырып, олардың әрекеттерін үйлестірген. Тәртіпсіздіктер азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықпен, қиратумен және тонаумен қатар жүрген. Олардың мақсаты халықты қорқытып, биліктің жұмысына тосқауыл қою болды", – деді Бас прокурордың міндетін атқарушы.

Бас прокуратура Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев қаңтар оқиғасы кезінде және кейін ұсталғандардың құқығын қорғау ерекше бақылауда екенін жеткізді.

"Бүгінде азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалды. Олардың ішіндегі ең резонанс тудырғандарын арнайы прокурорлар тексеріп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 қызметкер ұсталды", – деді басшы.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы салдарынан тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3 502 қылмыстық істі тергеуде. Бұл істер бойынша 737 күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр.

Серік Шалабаев бұлтартпау шарасын өзгертумен 307 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 27 жасөспірім қамаудан босатылғанын, 2 жасөспірім қамауа отырғанын айтты. 

Бүгінде бұлтартпау шарасын өзгерту туралы арнайы прокурорлардан тағы 22 адамға қатысты материалдар түскен.

"Қаңтар оқиғасына қатысты істер бойынша 1,5 мыңға жуық оқиға орындарын қарау жүргізілді. 1 500-ден аса сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Прокуратура органдарына тергеудің заңсыз әдістері мен азаптауды қолдану туралы 283 арыз түсті. Оған кінәлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң алдында қатаң жауапқа тартылады", – деді Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы. 

Бас прокуратура барлық жағдайда даусыз дәлелдерге негізделген объективті және бейтарап баға беріліп, азаматтардың конституциялық құқығы қорғалатынын атап өтті.

Жиын соңында Берік Асылов Конституцияға сәйкес мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы екенін атап өтті. Ол Ата заң азаптауға, зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерге нақты тыйым салатынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу