Қаңтар оқиғасы: екі полиция қызметкері сотталды

350

Олар сот алдында изоляторға қамалған "күдіктіні" өлтіріп қойғаны үшін жауап берді. 

Қаңтар оқиғасы: екі полиция қызметкері сотталды Фото: Ашық дереккөзден

Талдықорғанда Қаңтар оқиғасында изоляторға қамалған "күдіктіні" өлтіріп алған полицей 10 жылға сотталды. Ал, осы фактіні жасырған әріптесіне 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Анықталғандай, 2022 жылдың 8 қаңтарында полиция басқармасының қызметкерлері "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан" деген күдікпен жәбірленуші М.-ны уақытша ұстау изоляторына (УҰИ) жеткізген. УҰИ ғимаратында өзінің қызметтік міндеттерін атқарған сотталушы Б. жәбірленушіге жарақат келтіріп, ол ауруханада қайтыс болған. Екінші сотталушы С. осы ауыр қылмыс фактісін жасырған.

Сотталушы Б. кінәсін мойындамады, соттан өзін ақтауды сұрады. С. кінәсін мойындап, өкінді.

"Айыпталушылардың кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді. Сот үкімімен Б. ҚК-нің 146-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. С.-ға ҚК-нің 432-бабы бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды", - делінген Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ, сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 15 млн теңге сомасында моральдық зиян өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу