Қаңтар оқиғасы: жас жігітті азаптап өлтірген полицей 6 жылға сотталды

460

Ол азаптау және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталды.

Қаңтар оқиғасы: жас жігітті азаптап өлтірген полицей 6 жылға сотталды

Семей қаласының №2 сотында полиция қызметкері азамат А-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол азаптау және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Іс ҚК 146-бабының 3-бөлімі, 362-бабының 4-бөлімі бойынша қозғалған.

2022 жылғы 11 қаңтарда сағат 01:00 шамасында коменданттық сағатты бұзғаны үшін 1995 жылы туған азамат Е. ұсталған. Полиция қызметкері А. күдіктіні полиция бөліміне әкелгеннен кейін Е-ге азаптау қолданылып, ол қайтыс болған.

А-ның кінәсі сол күні құқық қорғау органдарының қызметкерлері жағынан азап қолданылған куәгердің көрсетулерімен расталды.

Сотпен қаралған іс бойынша сотталушының кінәсін бейнебақылау жазбасы, сот-медициналық сараптама қорытындысы және басқа да дәлелдемелер растайды.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамай, ақтауды сұрады.

Прокурор 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сонымен қатар прокурор А-ны "полиция капитаны" арнаулы атағынан айырып, 10 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өндіруді талап етті.

Жәбірленуші (марқұмның ағасы) прокурордың ұстанымымен келісті.

Сот азамат А-ны ҚК 146-бабының 3-бөлімімен (азаптау) кінәлі деп таныды. ҚК 362-бабының 4-бөлімі бойынша шектен тыс тағылған айыппен алып тасталды.

Сот А-ның асырауында жас балалар бар екенін жеңілдететін мән-жай деп танып, төтенше жағдайда қылмыс жасағанын және антын бұзғанын ауырлататын мән-жай деп таныды.

Бүкіл мән-жайды еске ала отыра, сот сотталушы А-ны 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, "полиция капитаны" арнаулы атағынан айырып және жәбірленушінің пайдасына 9 миллион тенге моральдық шығын өндіру арқылы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу