Қаңтар айында 3 653 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, деп жазады inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, кен өндіру саласында – 1 881 млрд теңгеге, өңдеу саласында – 1470 млрд теңгеге.
"Электр энергиясы, газ, бу, ыстық су және ауа баптаумен байланысты жабдықтауда айтарлықтай өсім байқалды. Шикі мұнайды, темірді қоспағанда, кендерді, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру салаларының артуына байланысты 2023 жылғы қаңтарда тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өнеркәсіп өндірісінің индексі 101,2%-ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 1,6%-ға артты. Тамақ өнімдері (109,8%), сусындар (133,2%), темекі өнімдері (121,3%), тоқыма бұйымдары (125,5%) өңделген мұнай өнімдері (112,8%), химия өнеркәсібінің өнімдері (110,6%), негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттар өндіру (151%), автомобильдер (127,5%) өндірісі өсті", - делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, резеңке және пластмасса бұйымдары, өзге де бейметалл минерал өнімдері, металлургия өнеркәсібінде өндірістің төмендеуі тіркелді.
Республиканың 14 өңірінде өндіріс көлемі өскен.
"Ал, төмендеу Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында және Астана қаласында байқалды", - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.