Қаңтардағы оқиғалар қайталанбау үшін не істеу керек?

1610

Елде ЖІӨ-нің тек 1%-ы қорғанысқа бөлінеді. Бұл әлемдегі – ең төменгі көрсеткіштердің бірі. 

Қаңтардағы оқиғалар қайталанбау үшін не істеу керек?

Биыл қаңтарда Алматыда қанды оқиғалар болды. Адам өлімі тіркеліп, көптеген адам зардап шекті. Олардың арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен қарапайым тұрғындар да бар. Қала инфрақұрылымы, оның ішінде бизнес нысандары, мемлекеттік мекемелер мен тұрғын үйлер қирады. Қазақстан әскерінің мұндай тосын жағдайға дайын болмағанын көрдік. Мұндағы басты мәселе қорғанысқа тиісті деңгейде қаржының бөлінбеуі, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

2021 жылғы 10 айда мемлекеттік бюджет шығыстарының жалпы көлемі шамамен 14 трлн теңге болды. Оның тек 542,4 млрд теңгесі немесе 3,9%-ы қорғанысқа бөлінді. Егер біз көпжылдық динамиканы қарасақ, қорғаныс шығындарының үлесі төмен екенін байқаймыз (шамамен 4%-5,5%). Сондай-ақ 2020 жылы ол айтарлықтай төмендеген. Тіпті, қорғаныс шығындарының үлесі 4% аз болған деректер бар.

Қорғанысқа тиісті деңгейге қаржының бөлінбеуін инвестиция көлемі де растайды. Басқа салалармен салыстырғанда қорғанысқа, мемлекеттік басқаруға және әлеуметтік қамсыздандыруға ең аз қаражат бөлінген. Өткен жылы 11 айда қорғанысқа құйылған инвестиция көлемі – 50 млрд теңге. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға аз.

Жалпы 2011 жылдан 2020 жылға дейін қорғанысқа 550,1 млрд теңге бөлінген. Бұл басқа салалармен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш. Мысалы, 10 жылда өнеркәсіпке 45,6 трлн теңге, жылжымайтын мүлік операцияларына – 10,3 трлн теңге, көлік пен қоймаға – 12 трлн теңге, ауыл шаруашылығына 2,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Қорғаныстың саяси және экономикалық тұрғыдан маңызды екенін ескерсек, "бұл сала неге назардан тыс қалды?" деген сұрақ туындайды. Алайда қаржыландыру елдегі қорғаныстың қаншалықты деңгейде күшейгенінің негізгі көрсеткіші болып саналады. Бұл фактор мемлекет тарапынан ел қауіпсіздігі саласында жұмыстың қаншалықты дұрыс ұйымдастырылмағанын, сондай-ақ осы саясатты қысқа мерзімде өзгерту керегін көрсетеді. Сондықтан қаңтардағы оқиғалар қайталанбауы үшін елдің қорғанысы мұндай жағдайларға дайын болуы шарт. 

Халықаралық тәжірибені ескерсек, Қазақстан қорғаныс бойынша көптеген мемлекеттен артта қалып отыр. Мысалы, қорғаныс шығындары бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 115-орында. Еліміздің көрсеткіштері ЕАЭО-ның барлық мемлекетімен салыстырғанда төмен. Рейтинг ЖІӨ-ден қорғаныс шығындарының үлесін ескереді. Бұл әскери шығындардың ең дәл көрсеткіші болып саналады. 

Мәселен, ЖІӨ-ден қорғанысқа жұмсалатын Қазақстан шығыстарының деңгейі 2020 жылы 1,1% болды. Рейтингте Армения 8-орында (ЖІӨ-ден 4,9%), Ресей 10-орында  (4,3%), Қырғызстан 62-орында (1,8%), Беларусь 100-орында (1,3%) тұр. ТМД елдері арасында Әзербайжан (ЖІӨ-нің 5,4%), Украина (4,1%) және Грузия (1,8%) жоғары көрсеткіштерге ие.

Сонымен қатар көптеген елде аталған көрсеткіш өссе, Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап ЖІӨ-ден қорғанысқа жұмсалған шығыстары өзгеріссіз қалғанын байқауға болады. Жыл сайын 1% деңгейінде. Бұдан Қазақстанда қорғанысқа мемлекет және әлемдік деңгейде қаражат тиісті деңгейде бөлінбейтінін анық көруге болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу