Қаңтардың қорытындысы бойынша теңге бағамы 0,5%-ға нығайды

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі төмендеді. 

Қаңтардың қорытындысы бойынша теңге бағамы 0,5%-ға нығайды Фото: azattyq-ruhy.kz

Қаңтар айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 141-ден 103 млн АҚШ долларына дейін төмендеді.

Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болды, айырбастау бағамы нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасты.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 453 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз алдына дербес жүргізді.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қаңтарда 228 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 11,1% болды және бір күнде 12 млн АҚШ долларынан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл – шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе валюта нарығына Ұлттық Қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк қаңтарда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жүзеге асырды, оның жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 5,8%-ды құрады.

Қаңтарда Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы толық ақпаратты жария етуін жалғастыра береді.

"Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады", – деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу