Қантты азайту: дәрігерлер қандай кеңес береді

132

Мамандардың айтуынша, ең алдымен күнделікті тұтынатын тәтті сусындарды шектеу маңызды.  

Қантты азайту: дәрігерлер қандай кеңес береді Фото: medongroup-yaroslavl.ru
Мысалы, көлемі небәрі 0,5 литр болатын газдалған сусынның құрамында шамамен 10 шай қасық қант бар. Сондықтан мұндай өнімдерді тұрақты қолдану ағзаға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сондай-ақ нектарлар мен тәтті шырындардың орнына табиғи шырындарды таңдаған дұрыс. Алайда олардың құрамында да табиғи қант бар екенін ескерген жөн. Дәрігерлер табиғи шырынды күніне 1-2 стақаннан асырмауға кеңес береді. Ал ең пайдалы әрі қауіпсіз таңдау – қарапайым таза ауыз су.

Министрлік өкілдері тәтті тіскебасарлардан бас тартып, олардың орнына жеміс-жидек, жаңғақ пен дәнді дақылдарды тұтынуды ұсынады. Кептірілген жемістерді таңдағанда қант қосылмаған түріне мән беру қажет, бірақ оларды да шектен тыс қолдануға болмайды. Аптасына 2-3 порция жеткілікті, бір порция шамамен 20 грамм немесе екі ас қасық көлемінде болуы тиіс.

Сонымен қатар, тәтті йогурттар мен сүзбелі десерттердің орнына қоспасыз табиғи өнімдерді таңдаған жөн. Қажет болған жағдайда, дәмін жақсарту үшін оған жаңа піскен жеміс немесе жидек қосуға болады.

Мамандар тәттіні толықтай алып тастаудан гөрі, оны дұрыс үйлестіріп тұтынуды ұсынады. Мысалы, үй жағдайында дайындалатын кондитерлік өнімдерге тұтас дәнді ұн, сұлы, жаңғақ, дән және жеміс-көкөністер қосу арқылы қант мөлшерін азайтуға болады.

Кей адамдар үшін қанттан бірден бас тарту мүмкін болса, көпшілігі үшін бұл біртіндеп жүзеге асатын процесс. Әдетте алғашқы апта ең қиын кезең саналады, кейін ағза мен дәм сезу жүйесі аз қантқа бейімделе бастайды.

Дәрігерлер қантты шамадан тыс тұтыну семіздікке, қант диабетіне, жүрек-қан тамырлары ауруларына және зат алмасу бұзылыстарына алып келетінін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу