Қапшағай су қоймасында шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жүргізген рейд барысында 5 кеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексеру кезінде екі гидроцикл жүргізушісінен алкогольдік мас болу белгілері байқалған. Олар медициналық куәландырудан өту үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Сонымен қатар жолаушы сыйымдылығынан артық адам тасымалдаған екі гидроцикл мен екі туристік катер арнайы тұраққа қойылды. Бұл талап бұзушылықтары судағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Жұмысқа ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы, азаматтық қорғау полковнигі Серік Жүнісбеков жетекшілік етті.
Рейдтер басталар алдында Алматы облысы ТЖД-ның бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлерімен кеңес өткізілді. Онда жаңа өкілеттіктерді қолдану, заң бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу тәртібі түсіндірілді.
ТЖМ еліміздің су айдындарында профилактикалық және бақылау іс-шаралары жалғасатынын хабарлады.