Қарағанды облысынан елдегі ең ірі газ қоры табылды

206

Көмір бассейнінде 2 трлн куб метрден астам газ қоры шоғырланған.  

Қарағанды облысынан елдегі ең ірі газ қоры табылды Фото: travelask.ru

Көмірдегі метан мөлшері әлемдегі ұқсас кен орындарымен салыстырғанда жоғары – бір тонна көмірге 25 куб метрге дейін жетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.

Қарағанды көмір бассейніндегі көмір қоры жақсы зерттелгенімен, көмір қабаттарынан метан өндіру бағытында тарихи тұрғыда өте аз зерттеу жүргізілген. Сондықтан жер қойнауы туралы кодекске сәйкес көмірсутек шикізатына жататын бұл газды барлау және өндіру тұрғысынан бассейнді аз зерттелген деп санауға болады.

"Бізде мұнай саласындағы аз зерттелген бассейндер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдетілген тәртіппен беру ережелері бар. Қарағанды бассейнін де осы санатқа енгізгіміз келеді. Сонда көмір қабаттарынан метан өндірумен айналысқысы келетін кез келген жер қойнауын пайдаланушы құқықты жеңілдетілген тәртіппен рәсімдей алады", – деді Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров. 

Ерлан Ақбаров ұсынған мәліметке сәйкес, Қарағанды бассейні біркелкі емес. Оның әр бөлігінде және әртүрлі тереңдігінде тау жыныстарының құрамы, органикалық заттардың түрі, физикалық қасиеттері, газ мөлшері мен көмір қабаттарының өткізгіштігі өзгереді. Сондықтан метан өндіруге қолайлы аумақтар да бар. Соның бірі – Шерубай-Нұра учаскесі. Мұнда көмір қабаттарының өткізгіштігі жоғары, ал газ мөлшері бір тонна көмірге 22–25 куб метрге дейін жетеді.

Вице-министрдің айтуынша, Шерубай-Нұра учаскесінде сегіз ұңғыма бұрғыланып, алынған керн үлгілері Қытай, Польша, АҚШ және Ресейде зерттелген. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, скрининг және барлау жұмыстары жүргізілгенімен, шамамен 1,5–3 жылға созылатын пилоттық өндіру кезеңіне жоба жетпеген. Соның салдарынан бұл учаскеде метан өндірудің тиімділігіне түпкілікті баға берілмеген. Осылайша, Қарағанды облысында көмір қабаттарынан метан өндіру мүмкіндігі бұрын толық тексеріліп, нәтиже бермеді деген пікір де жоққа шығарылды.

Сонымен қатар Қарағанды көмір бассейнінде метан өндіру жобаларын іске асыру үшін қорларды есептеу әдістемесін, жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалану қағидаларының арнайы бөлімін және қабат суларымен экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жұмыс істеу тәртібін әзірлеу қажет екені айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу