Қарағанды облысында 2 тонна мефедрон өндіруге арналған зертхана жойылды

161

Полиция қызметкерлері трансұлттық қылмыстық топтың 2 мүшесін ұстады.  

Қарағанды облысында 2 тонна мефедрон өндіруге арналған зертхана жойылды Фото: polisia.kz

Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті қолға түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Операцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық ҰҚК департаменті және прокуратурамен бірлесіп жүргізді. Жедел әзірлеме трансұлттық қылмыстық топқа қатысты жүзеге асырылған.

Тергеу мәліметіне сәйкес, топ мүшелері Қазақстан және көршілес мемлекеттер аумағында аса ірі көлемде есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындап, кейіннен заңсыз өткізуді көздеген.

48 жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастырушылық мәселелеріне жауап берген. Ол жаңа қатысушыларды тартып, олардың әрекетін үйлестіріп отырған. Ал 28 жастағы күдікті зертхананың жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларды есірткі құралдары мен психотроптық заттарды дайындау тәсілдеріне үйреткен.

Зертхана аумағында жүргізілген тінту барысында көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна анықталды. Оның ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған.

Сонымен қатар көлемі бір тоннадан болатын екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді. Ыдыстардың ішінен өткір химиялық иісі бар заттардың қалдықтары табылған.

– Өнеркәсіптік цистернадан зерттеу үшін 10 литр сынама алынды. Мамандардың қорытындысына сәйкес, ұсынылған үлгіден мефедрон анықталды. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құрады, – деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.

Мамандардың алдын ала есептеуіне сәйкес, анықталған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескере отырып, дайын мефедронның ықтимал көлемі 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл шамамен 2 миллион бір реттік доза.

Аталған көлем есірткінің заңсыз айналымына түскен жағдайда, миллиондаған адамға қауіп төндіруі ықтимал еді. Оның заңсыз нарықтағы алдын ала құны 40 миллиард теңгеге дейін бағаланып отыр.

– Осылайша, құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі есірткі партиясы заңсыз айналымға түспей тұрып, ауқымды есірткі өндірісінің жолын кесті, – деп атап өтті Нығмет Исмағұлов.

Екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, шикізаттың жеткізілу арналары, күдіктілердің ықтимал байланыстары және трансұлттық қылмыстық топтың өзге де қатысушылары анықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу