Қарағанды облысында 56 әлеуметтік кәсіпорын 372 адамды жұмыспен қамтып отыр

288

Әлеуметтік осал топтардың 52 өкілі жұмыспен қамтылған.    

Қарағанды облысында 56 әлеуметтік кәсіпорын 372 адамды жұмыспен қамтып отыр Фото: gov.kz

Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлік бизнестің тұрақты бағыттарының біріне айналып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазір өңірде осы салада 56 нысан жұмыс істеп, 372 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әлеуметтік кәсіпкерлер психологиялық-педагогикалық және медициналық қызметтер көрсетіп, білім беру саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар өндіріс пен сауда бағыттарын дамытып келеді.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту да маңызды бағыттардың бірі. Бұл салада өңірде 12 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 52 адам еңбек етеді. Олардың қатарында мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлер бар.

Мәселен, "AR&GOLD" ЖШС-де мүгедектігі бар 18 адам жұмыс істейді. Ал "Граффити-Қарағанды" ЖШС екі зейнеткер мен мүгедектігі бар екі азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет те қолдау көрсетуде. Өткен жылы осы саладағы бес кәсіпкер мемлекеттік грант алды. Ал "Граффити-Қарағанды" компаниясы құрылыс материалдарын сату бағытын кеңейту үшін жеңілдетілген несие бағдарламасын пайдаланған.

Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған, олар үшін жұмыс орындарын ашатын, тауар өндіретін немесе қызмет көрсететін, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар, білім беру және мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлер ала алады.

Оларға 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар, үй-жайларды жеңілдікті шарттармен ұсыну және жеңілдетілген несие беру сияқты қолдау шаралары қарастырылған.

Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу үшін өтінімдер 1-15 қыркүйек аралығында қабылданады. Құжаттарды Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына немесе кәсіпкер тіркелген жердегі қалалар мен аудандардың кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдеріне тапсыруға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу