Қарағанды облысында жыл басынан бері прокурорлық қадағалау нәтижесінде мемлекет кірісіне 323,9 млн теңге өндірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның 252,4 млн теңгесі алимент бойынша берешекті өтеуге бағытталған.
Қарағанды облысының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында сот шешімдерінің орындалуын бақылауда.
Жыл басынан бері 50 прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде жүздеген баланың алимент алу құқығы қалпына келтірілді.
Сонымен қатар заң талаптарын бұзғаны үшін 58 сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Ал сот шешімдерін орындаудан жалтарған 41 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға қатысты қылмыстық-құқықтық шаралар да қабылдануда. Биыл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша 23 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, төрт борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Мысалы, өңір тұрғыны үш айдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып, 2,7 млн теңге берешек жинаған. Сот оны бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесіп, пробациялық бақылау белгіледі. Сонымен қатар жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы тағайындалды.
Прокуратура ата-аналардың балаларын асырау міндеті заң талабы екенін еске салды. Сот шешімдерін орындаудан жалтару әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.