Жыл басынан бері Қарағанды облысында азық-түлік өнімдерін жеткізумен айналысатын 51 көтерме сауда кәсіпкері тексерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бақылау жұмыстары артық делдалдарды анықтап, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Өңірлік комиссия аясында жүргізілген.
Тексеру кезінде негізгі назар көтерме сауда буынына аударылды. Комиссия кейбір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі сатып алу бағасының 50 пайызына дейін жеткенін анықтады.
Комиссия араласқаннан кейін бірқатар өнімнің бағасы төмендетілді. Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Биыл бақылау шараларының ауқымы өткен жылмен салыстырғанда артқан. 2025 жылдың осы кезеңінде 15 көтерме жеткізуші тексерілсе, биыл олардың саны 51-ге жетті.
Қарағанды облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті баға тұрақтылығын сақтау және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына жол бермеу жұмыстары жалғасатынын хабарлады.