Қарағанды облысында Есқұла су таратқышының құрылысы қайта жанданды

948

Есқұла су таратқышы Жезқазған мен Сәтпаев тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс.

Қарағанды облысында Есқұла су таратқышының құрылысы қайта жанданды

Жезқазған мен Сәтпаев қалаларында тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету және оны үздіксіз тарату жұмыстары басталды. Билік Есқұла су таратқышының құрылысы жобасын жүзеге асыруға дайын және жұмысты бір ай аралығында бастауға уәде береді. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің Сәтпаев қаласына жұмыс сапары барысында мәлім болды, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

"Биылғы жылы сіздер осы жобаны аяқтауларыңыз керек. Бұл өте маңызды мәселе. Қаржыландыру толық көлемде бар. Сондықтан да созып алмай, тездетіңіздер", – деді Жеңіс Қасымбек республикалық "Қаз су шаруашылығы" ұйымының бас директоры Алтай Елжасовқа.

Естеріңізге сала кетейік, Есқұла су таратқышы Жезқазған мен Сәтпаев тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуі тиіс. Алайда, қаражаттың жетіспеуінен жұмыстар ұзақ уақытқа созылып кетті. Биылғы жылы Үкіметтің қолдауымен және "Қазақмыстың" белсенді қатысуымен қаржы мәселесі шешілді. Жоба "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасына енгізілді.

"Біз ҚР-да ауылдық елді мекендер мен моноқалаларды ауыз сумен қамтамасыз етумен айналысамыз. Сәтпаев-Жезқазған аймағы Есқұла кен орнынан су алады. Есқұла су таратқышын қайта құру жобасы үш кезеңнен тұрады. Оны жүзеге асыру Сәтпаев пен Жезқазғанды сумен толық қамтамасыз етеді. Біздің алдымызда осы жылы жобаның барлық үш кезеңін аяқтау міндеті тұр", – деді Алтай Елжасов.

Сонымен қатар жер асты көздерінен берілетін судың сапасын жақсарту үшін "Қожамсейіт кен орнын іске қосуды ескере отырып, Үйтас-Айдос су таратқышын қайта қалпына келтіру" жобасының ЖСҚ әзірлеу жұмыстары басталды. Бұдан басқа, Жезқазған қаласының тұрғындарына үздіксіз су беру үшін "Қазақмыс" Кеңгір су қоймасынан жалпы ұзындығы 1000 м резервтік суағар құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде.
 

Су мәселелерін шешумен қатар, Жезқазған және Сәтпаев қалаларында жаңа кәріз-тазарту құрылыстарының дайындық жұмыстары басталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу