Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында "Ақнар-ПФ" ЖШС-нің 28-құсханасы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа нысан жылына 250–280 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді.
Құсхана бір мезгілде 20,5 мың құс ұстауға арналған. Жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып, кәсіпорынға "Агробизнес" бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыру берілген.
Жаңа нысан Еуропада өндірілген заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Құстарды өсіруге қолайлы микроклиматты автоматты түрде реттейтін жүйе орнатылған. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, энергия ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Құсхана металл конструкциялар мен сэндвич-панельдерден салынған. Мұндай құрылыс жылуды жақсы сақтап, ғимаратты тазалау мен күтіп ұстауды жеңілдетеді. Құстар еркін қозғалып, жайылуына мүмкіндік беретін жағдайда өсіріледі.
– Барлық талап пен стандартқа сай салынған заманауи құсханаға алғашқы құстар орналастырылып, нысан қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұндағы жабдықтар Еуропа өндірушілерінен жеткізілген. Құсханадағы климаттық жағдай жасанды интеллект көмегімен бақыланады. Жүйе климаттың өзгеруіне қарай жұмыс параметрлерін өздігінен реттеп, өңіріміздің табиғи жағдайына бейімделген, – деді "Ақнар-ПФ" ЖШС директоры Виктор Колчев.
Қазір кәсіпорын жылына шамамен 9 мың тонна тауық етін өндіреді. Жаңа құсхананың іске қосылуы өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады.