Қарағанды облысында 27 сәуірден бастап бірден үш мамыр мерекесіне – Қазақстан халқының бірлігі күніне, Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс күніне арналған іс-шаралар циклі басталады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Түрлі концерттер, фестивальдер, челлендждер, патриоттық және қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.
Қарағанды облысында 27 сәуірден бастап бірден үш мамыр мерекесіне – Қазақстан халқының бірлігі күніне, Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс күніне арналған іс-шаралар циклі басталады.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, 1 мамырға орай облыста 120-дан астам іс-шара жоспарланған.
30 сәуірде Қарағандыда Достық үйінің алдындағы алаңда жастар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен "Бірлігіміз берік!" атты патриоттық флешмоб өтеді. Іс-шара соңында көрермендер "Қара жорға" биінің жаппай орындалуын тамашалайды.
Сол күні "Қайырымдылық керуені" акциясы басталып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіледі
1 мамырда барлық қала мен аудандарда мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Облыс орталығында басты алаң Орталық саябақ болады. Мұнда "Бірлік – ел тірегі" атты концерт өтіп, танымал өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер өнер көрсетеді. Арнайы шақырылған қонақтар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова және VanGogh вокалды-инструменталдық ансамблі.
Сонымен қатар қолөнершілер жәрмеңкесі мен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері өтеді.
7 мамырға орай әскери қызметшілерді, құтқарушыларды және құқық қорғау органдары қызметкерлерін құрметтеуге арналған іс-шаралар жоспарланған. Қарағанды, Теміртау, Балқаш және өзге де қалалардағы әскери бөлімдерде мектеп оқушылары үшін ашық есік күндері мен экскурсиялар өткізіледі.
Негізгі іс-шаралар қатарында:
- "Жас сарбаз – 2026" облыстық әскери-патриоттық ән фестивалі – 5 мамыр, Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағы;
- Облыстық үрмелі аспаптар музыкасы фестивалі – 6 мамыр, Теміртау қаласындағы "Восток" саябағы. Мұнда жеті үрмелі аспаптар оркестрі және Т.Бигелдинов атындағы әскери колледждің барабаншылары өнер көрсетеді;
- Мерекелік концерттер – 7 мамырда Қарағандыда Орталық саябақта, Теміртауда қаланың орталық алаңында өтеді.
- Сонымен қатар "Ерлік сабақтары", оқу-дала жиындары, "Сарбазға хат" акциясы және әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімдері жоспарланған.
9 мамырға орай өңірде еске алу және патриоттық іс-шаралар өтеді.
Қазірдің өзінде "Ер есімі – ел есінде" атты дәстүрлі онлайн-акция басталып, тұрғындар соғысқа қатысқан туыстары туралы естеліктерімен бөлісуде.
Волонтерлер "Ардағым ардагерім" акциясы аясында ардагерлерге көмек көрсетеді. Сондай-ақ "Таза Қазақстан" ұлттық жобасы шеңберінде мемориалдар мен ескерткіштердің маңы абаттандырылады.
Қарағандылықтар әлеуметтік желілерде қазақстандық батырлардың ерлігін ұлықтауға бағытталған республикалық патриоттық челленджге қосылады (#Батырдыңұрпағымын, #МояИсторияПобеды, #ГолосИстории және т.б.).
4 мамырда Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында "Ардагерлер ән салады" облыстық хор ұжымдарының фестивалі өтеді.
9 мамырда облыстың барлық қала және аудандарында гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне үйлерінде құрмет көрсетіледі. Қарағандының Орталық саябағында "Ерлікке тағзым" атты концерт өтеді.