5 сәуірде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде вахталық автобус аударылып қалды. Салонда 50 адам болған, олардың 30-дан астамы зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ҚР ТЖМ Telegram-арнасына сілтеме жасап.
"ТЖМ-нің "Қазавиақұтқару" әуе кемесімен үш зардап шеккен адам Қарағанды қаласының медициналық мекемелеріне жеткізілді. Сондай-ақ ТЖМ күштерімен жедел жәрдем дәрігерлері мен Апаттар медицинасы орталығының мамандарының сүйемелдеуімен вахталық көлікпен 30 адам Ботақара кентінің ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің жағдайы орташа ауыр деңгейде", – деп мәлімдеді ҚР ТЖМ.
Ведомство мәліметінше, жағдай ТЖМ бақылауында.
Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары, "Матақ" ТМСП, Апаттар медицинасы орталығы, "Қазавиақұтқару", жедел медициналық жәрдем бригадалары және полиция жұмылдырылды.