Сапар барысында таныстырылған нысандардың басым бөлігінде қазақстандық өнімнің үлесі 95%-дан асады. Ал кейбір жобаларда отандық өнімді пайдалану көрсеткіші 100%-ға жетеді.
Сапар қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе жылыту маусымының апатсыз өтуіне тікелей әсер ететін нысандардың дайындығына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімдігі мен жауапты ұйымдарға бекітілген жұмыс кестесінен кешікпей, жаңғыртылып жатқан инфрақұрылым нысандарының күзгі-қысқы кезеңге толық дайын болуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Айта кетейік, "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы 2029 жылға дейін жүзеге асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету және апат қаупін 20%-ға азайту.