Қарағанды облысында жыл соңына дейін 3 мыңнан астам пәтер беріледі

1051

Қарағанды облысында жыл соңына дейін  3 мыңнан астам пәтер беріледі

Қарағанды облысында жыл басынан бері 2865 отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылды. Бұл жайында облыс әкімі Ерлан Қошанов орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша облыста биылғы жылы 340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, яғни 3 мыңнан астам пәтер беріледі. Олардың дені, дәлірек айтар болсақ 1605-і кезекте тұрғандарға арналған", - деді Ерлан Қошанов. 
Ауылдық жерлерде 63,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. 
Билік басындағылардың ақпаратынша, соңғы үш жылда аймақта барлық қаражат көздерінің есебінен 993 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 8 300 пәтер салынған екен. Тұрғын үй құрылысына 108,7 млрд теңге инвестиция құйылды. 
"Шамамен 800 үйдің жеке құрылысы үшін инфрақұрылым жасау басталды. Жеке тұрғын үй құрылысына бір жарым мың учаскеге арналған тағы да 10 алаң жобалау кезеңінен өтіп жатыр", - деді облыс әкімі. 
Оның айтуынша, Қарағандының оңтүстік-шығыс ауданындағы жаңа орталық құрылысы қарқынды жүргізіле бастады. Облыс орталығында жеті 24 қабатты үйлерден құралған "Трилистник" кешені пайда болады. Қазіргі таңда оның негізі қаланып жатыр. 
Бұған қоса, жеке инвестициялар есебінен 12-ден 16 қабатқа дейін созылатын көпқабатты үйлерден құралған "Ұлытау" тұрғын үй кешенінің құрылысы жоспарланып отыр. 
Сонымен қатар облыста олимпиадалық стандарттарға сай бассейні бар балалар және жасөспірімдер сарайы, күрес орталығы, 1250 орынға шақталған концерттік зал секілді жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы да жоспарланған. 
Биылғы жылы ауданы 13 мың шаршы метрден асатын Қарағанды облыстық соты ғимаратының құрылысы басталды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу