Қарағанды облысындағы Сарыбел станциясының теміржол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңартылған нысан заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, жолаушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалды. Вокзал инфрақұрылымы жаңартылып, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастырылды.
Жоба аясында 1965 жылы салынған вокзал ғимаратына кешенді реконструкция жүргізілді. Нәтижесінде нысанның жалпы аумағы 487,4 шаршы метрді құрады. Ғимарат инженерлік желілермен толық жабдықталып, заманауи талаптарға сай бір қабатты нысанға айналды.

Жөндеу барысында шатыр жаңартылып, ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар су, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, перрон қайта қалпына келтірілді. Вокзал маңындағы аумақ абаттандырылып, жаңа жиһаздар орнатылды.
Нысанның қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінді. Вокзал қасбеті фиброцемент панельдермен қапталып, ішкі әрлеуге ұзақ мерзімді әрі өрт қауіпсіздігі талаптарына сай материалдар қолданылды. Сондай-ақ жаңа эвакуациялық жолдар мен шығу есіктері жабдықталды.
Сарыбел станциясы 1-санаттағы вокзалдарға жатады. Қазіргі уақытта станция арқылы тәулігіне 12 жолаушылар пойызы қатынап, Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Қостанай және Павлодар қалаларымен байланысты қамтамасыз етеді.
Жаңғырту жұмыстары теміржол инфрақұрылымын дамыту және өңір тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін көлік қызметінің сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылды.