Жоба Азиялық даму банкінің қолдауымен МЖӘ шеңберінде іске асырылуда және халықаралық концессиялық модель бойынша салынып жатқан Қазақстандағы алғашқы университеттік аурухана болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Клиника Қарағанды медицина университетінің базасында құрылады. Білім беру, ғылыми және клиникалық қызметті біріктіре отырып, ол медицина кадрларын даярлау және денсаулық сақтауда инновацияларды енгізу үшін заманауи платформа болады. Жыл сайын оның инфрақұрылымына 9 мыңнан астам студент қол жеткізе алады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова университеттік аурухананың құрылысы медициналық білім беруді дамытудағы және халыққа көмек көрсету сапасын арттырудағы маңызды қадам болатынын атап өтті.
"Қарағандыдағы университеттік аурухананың жобасы бірегей алаңға айналады. Ол кадрлық әлеуетті нығайтады және өңірде сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады".
Жоба МЖӘ-нің 20 жылдық келісімшартын қарастырады, оның шеңберінде жеке әріптес клиниканы жобалау, салу, жабдықтау және пайдалану үшін жауап береді, содан кейін қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігінде өткен конкурстың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қатысуға төрт өтінім түсті. Бұл инвесторлардың елдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға деген жоғары қызығушылығын растайды.