Қарағанды қаласында газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бесінші іске қосу кешенінің пайдалануға берілуімен жеке сектордағы тағы 2,5 мыңнан астам үй көгілдір отынға қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – қаланың ең ауқымды жобаларының бірі: тартылған газ желілерінің жалпы ұзындығы 110 шақырымға жуық. Осылайша, қала бойынша 6 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығына жасаған жұмыс сапары барысында тұтынушыларды қосу барысын тексерді. Әкім Керамическая көшесіндегі бір үйге арнайы кіріп, газды пайдаланудың жағдайымен танысты.
Қарағандылықтар үшін табиғи газ "Сарыарқа" магистральдық газ құбырының құрылысы нәтижесінде қолжетімді бола бастады. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен және жоспарлы түрде атқарылуда.
Бесінші іске қосу кешені аясында газ желілері Сарыарқа көшесі, Бұқар жырау даңғылы, Складская көшесі және 7-магистраль аумағында тартылды. Облыс әкіміне көгілдір отынның 20 қазанда берілгені туралы баяндалды. Негізгі ГРП-7 пунктінен газ 40-тан астам шағын тарату пункттеріне жеткізіліп, одан әрі жеке сектор көшелеріне таратылуда.
Көптеген тұрғындар бұл күнді асыға күткен еді. Олардың көбі алдын ала дайындалып, пеш жағудан газбен жылытуға көшті.
Керамическая көшесінің тұрғыны газға қосылу үдерісінің жеңіл әрі қолайлы бола түскенін айтты. Оның сөзінше, барлық қажетті жағдай жасалған, енді отбасы көмір мен күлдің азабынан құтылып, таза әрі үнемді жылу көзіне қол жеткізді. Көршілері де осы үлгімен белсенді түрде құжат рәсімдеп жатыр.
– Газдандыру – өңірдің әлеуметтік дамуындағы басты басымдықтардың бірі. Қалада қазірдің өзінде шамамен 4 мың үй табиғи газға қосылған. Бесінші іске қосу кешенінің арқасында бұл мүмкіндік одан әрі кеңейіп отыр. Бұл тек тұрмыстық қолайлылық емес, экологиялық жағдайдың да жақсаруына әсер етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, Фёдоров ықшам ауданында төртінші іске қосу кешенінің құрылысы жүріп жатыр, ол тағы 1 800 үйді газбен қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Келесі жылы "Таугүл" және "Күнгей" шағын аудандарын қамтитын алтыншы іске қосу кешенін салу жоспарланған. Оның нәтижесінде 3 мыңнан астам үй табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
Еске сала кетсек, газға қосылу және техникалық шарттарды рәсімдеу мәселелері бойынша тұрғындар "QazaqGaz Aimaq" АҚ Қарағанды өндірістік филиалына (мекенжайы: Қарағанды қ., Ермеков көшесі, 29) жүгіне алады. Мұнда мамандар толық кеңес беріп, өтініштерді қабылдайды және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.