Қарағандыда халық алаяқ әйелді жақтап шықты

1038

Қарағандыда халық алаяқ әйелді жақтап шықты

Қарағандыда қаржы пирамидасын құрғаны үшін тұтқындалған Елена Колесникованың жақтастарын прокуратура тәртіпке шақырды. Өйткені оған миллиондаған теңгесін салған жұрт қамауға алынған әйелді босатуды талап етуін қояр емес. Құзырлы орган митинг пен шеру ұйымдастырып, тергеу жұмыстарына кедергі жасаушыларды заңмен қудалайтынын жеткізді, деп Baq.kz.

"Халық Еленадан зардап шегіп жатқан жоқ. Елена шықсын, жұмыс істесін деп жатырмыз. Қазір елдің бәрі кредиттерін төлей алмай жылап отыр. Біз пәтерлерді неге салдық? Ары қарай жұмыс істесек, жағдайымызды түзесек екен дедік", - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлнар Тарпанбаева.

Осындай жағдайын түзегісі келген адамның саны 4 мыңнан асып жығылады екен. Қаладағы Майқұдық ауданында орналасқан бір кеңсенің өзіне олар жалпы мөлшері 940 миллион теңгені өз қолдарымен апарып беріпті. Енді Колесникова босап шықса, сол ақшаның қайтатынына жұрт кәміл сенеді. Бірақ прокуратура іскер әйелдің бұғатталған есеп-шотында бұл соманың төрттен бір бөлігі де жоқ екенін жеткізді. Кәмелетке толмаған екі баласын шетел асырғанымен, өзі қашып үлгермеген. Елдің ақшасын абақтыда отырып-ақ қайтаруды ұсынғанымен, бұл оған да келіспеген көрінеді. Тіпті қорғаушы жалдауға да соқыр тиын шығармаған. Сондықтан ол қаражатты да осы салымшылары жинап беріпті. Ал құзырлы орган Колесникованы босатуды талап етіп, елді дүрліктіріп жүргендерді енді заңмен қудалаймыз деп отыр.

"Салымшыларды арандатып, заңсыз шерулерге шығарып жүргендер бар. Мұның барлығы тергеу жүргізуге кедергі болады. Митингпен мәселе шешілмейді. Жұртқа түсіндіруге тырысып-ақ жатырмыз. Енді арандатушылар анықталса, заң аясында жазаланады", –  дейді Октябрь ауданының прокуроры Азамат Тілешов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу