Пилоттық жоба бірқатар тұрғын үйде іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қарағандыда іздеуде жүрген адамдарды танып, анықтай алатын "ақылды" домофондар орнатылып жатыр.
Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий жүйе кіреберіс маңындағы күдікті азаматтарды тіркеп, ақпаратты автоматты түрде тиісті қызметтерге жолдайтынын айтты.
– Біз домофондарды деректер базасына қосамыз. Егер іздеуде жүрген адам домофон камерасының алдынан өтсе, жүйе оны бірден танып, полицияға сигнал жібереді, – деді Константин Ильницкий.
Бұл – өңірде цифрландыру бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың бірі. Бүгінде облыс аумағында шамамен 4 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
