"400 мың теңгелік алтын алқасын жұлып әкеткен": Қарағандыда ер адам көшеде әжейді тонап кеткен

454

Ұсталған күдіктінің бірнеше қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені тергеу барысында анықталды.  

"400 мың теңгелік алтын алқасын жұлып әкеткен": Қарағандыда ер адам көшеде әжейді тонап кеткен Фото: polisia.kz

Қарағандыда полицейлер қарақшылық шабуыл мен ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғынын қолға түсірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға дүйсенбі күні күндіз болған. 67 жастағы қала тұрғыны дүкеннен үйіне қайтып келе жатқанда, артынан жүгіріп келген бейтаныс ер адам оның мойнындағы алтын алқаны жұлып алып, ізін суытқан. Жәбірленуші келтірілген материалдық шығынды 400 мың теңгеге бағалады.

– Зейнеткер бірден полицияға хабарласып, күдіктінің сыртқы келбетін егжей-тегжейлі сипаттап берген. Жедел әрекет еткен тәртіп сақшылары алынған бағдар бойынша күдіктінің жеке басын және жүрген жерін қысқа мерзімде анықтап, оны ұстады, – деп хабарлады полиция.

Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындады. 

Оның айтуынша, ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгерген. Алайда полиция қызметкерлері зергерлік бұйымды айғақты зат ретінде тәркілеп, қайтарып алды.

Тергеу барысында күдіктінің бұған дейін велосипед ұрлағаны белгілі болды.

Ұрланған велосипедпен келе жатып, мойнында алтын алқасы бар зейнеткерді байқап, көлікті жақын маңдағы аулалардың біріне қалдырады. Содан кейін әйелге шабуыл жасап, алтын алқасын жұлып алып, қайтадан велосипедке мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазіргі уақытта ұрланған велосипедтің заңды иелері анықталып, өз мүлкін таныды. 

Күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезеңіне уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Полицейлер оның осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу