Қарағандыда қоғам белсендісінің өліміне қатысты қылмыстық іс тергелуде

732

Сенбіліктегі жанжалда соққы алған қоғам белсендісі Олег Гарницкий көз жұмды.

Қарағандыда қоғам белсендісінің өліміне қатысты қылмыстық іс тергелуде

Бір ай бойы ауруханада ес-түссіз жатқан қоғам белсендісі Олег Гарницкий  өмірден озды. Олег Гарницкий қарағандылықтар арасында белсенділігімен танымал еді. Ол Қарағанды қаласының экологиялық тұрғыда таза болуына барынша үлес қосқан. Дос-жарандарының айтуынша ол  табиғатты аялауға, қоршаған ортаны ластамауды барынша насихаттаған жан.

18 сәуірдегі сенбілік жұмысы қоғам белсендісінің өміріндегі соңғы іс-шара болған екен. Тұрғындардың айтуынша, ол сол күні сенбілікке өз қаражатына сатып алған бірнеше түп ағаштарды алып келіп, көршілердің көмегімен отырғызбақ болған. Көршілер жиналып, үй маңайын тазалап ағаш отырғыза бастаған. Осы кезде үй ауласында ойнап жүрген бала бөтелке сындырып алған. Олег Гарницкий балаға шөлмек сынығын жинауды тапсырыпты. Бөтелке сынығын жинаған бала қолын шыныға кесіп алып, әкесіне шағым түсірген. Осыдан кейін баланың әкесі келіп жанжал шығарған. Дау-дамай кезінде ол Олег Гарницкийді ұрып құлатқан.

Куәгерлердің айтуынша, қоғам белсендісі жол жиегіндегі бардюрге басын соғып, содан тұра алмай қалған. Бір ай бойы Олег Гарницкий жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан еді. Алайда оның өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс Қарағандыда тергеліп жатыр.

"Аталған факті бойынша полиция қызметкерлерімен 36 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 106 бабы 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып,ол уақытша қамау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде",– деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция  Департаментінің баспасөз қызметі.

16 мамырда қоғам белсендісі тірі қалғанда 50 жасын тойлар еді деп өкінеді оның жақын-жуығы.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу