Қарағандыда мүгедектер қоғамының төрағасы наразылығын білдіріп, өзін өртемек болды

861

Қарағанды тұрғыны полиция департаментінің алдындағы жолдың үстіне жанар-жағар май құйылған құтыларды әкеліп "өзін өртеймін" деп жұртты қорқытты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  

Қарағандыда мүгедектер қоғамының төрағасы наразылығын білдіріп, өзін өртемек болды Фото: inbusiness.kz

Қарағанды қаласындағы полиция департаментінің алдына барған мүгедектер қоғамының төрағасы жолды жауып тастап, наразылық шарасын жасаған. Ол ғимаратқа қарама-қарсы жерге "Полковник Бадженов, мүгедектерге ақшаны қайтар!" деген жазуды іліп қойған. Өзі жолдың ортасына бензин құйылған канистрларды алып шығып, қолына газ жылытқыш құралын ұстап тұрып, келіссөзге полковниктің шығуын талап етті. Оқиға орнына полиция қызметі, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келіп, сол маңды қоршауға алды.

Шамалы уақыт өткен соң ер адам өрт қойған. Алайда өрт сөндірушілер тілсіз жауды дер кезінде сөндіріп алған. Полиция қызметі мүгедектер қоғамы төрағасын ұстап алып кетті.

Полицияның хабарлауынша, "Жан Дос" қоғамдық ұйымының төрағасымен департамент бастығының орынбасары келіссөз жүргізген.

"Заңсыз әрекеттерді тоқтату талаптарына қала тұрғыны көнбей, өзіне және айналасындағыларға қауіп-қатер тудырды. Азаматтың өзіне және айналасындағыларға зиян келтірмеу мақсатында ол ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол заңсыз әрекеттері арқылы сотта қаралып жатқан азаматтық істі шешу мақсатында әрекет еткен", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Биыл ақпан айында "Жан Дос" қоғамдық ұйымы Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімдерінің айналасын қоршау бойынша тендер ұтып алған. Алайда, олардың жұмысы сапасыз жасалғандығын Қарағанды облыстық полиция департаментінің мамандары "Жан Дос" қоғамдық ұйымдары өкілдеріне жұмыс жасалған жерге барып көрсеткен. Аталған дерек бойынша полиция департаментінің заң бөлімі сотқа арыз беріп, сот оларға 30 қарашаға дейін кемшіліктердің орынын толтыруға уақыт берген екен. Десе де жауап беруші тарап, ол кемшіліктерді мүлде орындамаған.

Осыған орай, 6 желтоқсан күні мемлекеттік сатып алу порталында Мемлекеттік сатып алу заңының 12-бабы, 4-тармағы 3 тармақшасына сәйкес жіберілген кемшіліктерге байланысты бұрын жасалған келісім-шарт біржақты бұзылды. Атқарылмаған жұмыстар бойынша іс материалдарын сот қарап жатыр. Сот отырысы 14 желтоқсанға белгіленген. Енді қоғамдық ұйым басшысы жасаған теріс іс әрекеті үшін де сот алдында жауап бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу