Кеше Қарағандыда Шахтерлер күні мерекесі кең ауқымда аталып өтті.
Орталық алаңға 120 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонақтары жиналып, мерекелік концертке куә болды.
– Шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1000-нан астам полиция қызметкері және Ұлттық ұланның 300 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Мерекеде бірде-бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Дегенмен, халық көп шоғырланған орында балалардың адасып қалу жағдайлары тіркелді. Барлығы 235 бала уақытша ата-анасынан ажырап қалған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында олардың барлығы қысқа уақыт ішінде табылып, ата-анасына аман-есен табысталды, – делінген хабарламада.
Осы мақсатта тәртіп сақшылары концерттің жүргізушілерімен тұрақты байланыс орнатып, табылған балалар жайлы жедел хабар таратып отырды.
Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы автобус бөлініп, онда бүлдіршіндер ата-анасы келгенге дейін бақылауда болды. Бұл оқиға полиция қызметінің басты қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мен жәрдемдесуге әрқашан дайын екендігінің айқын көрінісі болды.