Қарағандыда уланған балалар арасында жетімдер де бар - Балалар омбудсмені

422

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қарағанды қаласында балалардың жаппай улану жағдайына қатысты пікір білдірді.

Қарағандыда уланған балалар арасында жетімдер де бар - Балалар омбудсмені Фото: tengrinews.kz

Оның сөзінше, күзде өңірлерге іс-сапарлары аясында барлық балалар мекемесі тексеріледі.

Балалар омбудсмені қазіргі таңда Қарағанды қаласында екенін атап өтті. 

“Өкінішке қарай, бір бала қайтыс болды. Оның ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Алты бала ауыр халде жан сақтау бөлімінде, жеті бала облыстық клиникалық ауруханада жатыр. Олардың арасында жетім балалар да бар. Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, комиссия құрылды. Улану себептерін анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде”, - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.

Динара Зәкиеваның хабарлауынша, балаларға медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін 84 мекеменің барлығында Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізетін болады. Оның 20-сында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады.

“Күзде өңірлерге іс сапарларымның аясында барлық балалар мекемесін тексеруді жоспарлап отырмын. Жалпы бұл салада біз мемлекеттік органдармен бірге балалаларға арналған мекемелердегі камераларды тікелей ЦОУ мен жауапты органдарға қосу бойынша жұмыс істеп жатырмыз”, - деп жалғастырды ол.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мамандарды даярлау сапасын, олардың деңгейін назарға алу керектігін баса айтты.

“Сондай-ақ олардың жалақысын арттыруды да қарастыру қажет. Балалардың тамақтану нормативтерін қайта қарап, талаптарды қатаңдату керек. Бейінді министрлікпен бұл бойынша да жұмыс істейтін боламыз”, - деді балалар омбудсмені.

Айта кету керек, осыған дейін Қарағандыда балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығында 12 баланың уланып қалғанын жазған болатынбыз. Бас прокуратура бұл жағдай бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният оқиға орнына аттанды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу