Қарағандыда зейнеткерді азаптаған бір топ жасөспірімдер сотталды

157

Аталмыш іс бойынша тоғыз адам айыпталды, олардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар.

Қарағандыда зейнеткерді азаптаған бір топ жасөспірімдер сотталды Фото: canva

Қарағандыда зейнеткерге жасалған шабуылға қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

3 сәуірде Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған бірқатар тонау деректері бойынша қылмыстық іс мәресіне жетті. Іс бойынша тоғыз адам, оның ішінде жеті жасөспірім жауапқа тартылды.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы ақпанда айыпталушылар 68 жастағы тұрғынның пәтеріне екі рет заңсыз кірген. Оның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, ер адамды ұрып-соғып, қорлаған және болған оқиғаны ұялы телефонға түсірген. Соның салдарынан жәбірленушіге материалдық шығын келтіріліп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян тиген.

Тағы бір қылмыстық жайт сол жылдың наурыз айында орын алған. Кәмелетке толмағандардың бірі топ құрамында басқа жәбірленушінің пәтеріне кіріп, оған күш қолданып, 95 мың теңге көлемінде мүлкін жымқырған.

Сотта айыпталушылардың кінәсі олардың ішінара мойындауларымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Мемлекеттік айыптаушы барлық айыпталушыларға нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал қорғау тарапы, керісінше, қоғамнан оқшауламайтын жаза қолдануды өтінді. Жәбірленушілер соттан заң аясында шешім шығаруды сұрады.

Қылмыстық бап санкциясы бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеген. Сот қылмыстың ауырлығын, айыпталушылардың көпшілігінің кәмелетке толмағанын және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, нақты жаза тағайындады: бір айыпталушыға – 7 жыл, тағы бір кәмелетке толмағанға – 6 жыл 6 ай, екі жасөспірімге – әрқайсысына 5 жыл 6 ай, қалғандарына – 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу