Қарағандыда жетім балаларды қорқытып, несие алдырған қылмыстық топ ұсталды

119

Іске қатысы бар барлық күдікті ұсталды.

Қарағандыда жетім балаларды қорқытып, несие алдырған қылмыстық топ ұсталды Фото: polisia.kz

Қарағандыда полиция балалар мекемесінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қарағанды қаласында полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері прокуратурамен өзара іс-қимыл барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдерден ақша бопсалауға қатысы бар ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін әшкереледі.

Жедел іс-шаралар барысында өңірдегі балаларға арналған мекемелердің бірінің тәрбиеленушілері қылмыскерлердің құрбаны болғаны анықталды.

Алдын ала мәліметке сүйенсек, соңғы жарты жыл ішінде күдіктілер алдау, қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушіден жалпы сомасы 10 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Оларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарында несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілерден автоматты атыс қаруына арналған оқжатарлар және жүзден астам оқ-дәрі тәркіленді.

Аталған дерек бойынша бопсалау белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық күдікті ұсталды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Полиция олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу